Қысқы мектеп аясында өткен «Іскери қазақ тілі» семинарының
тыңдаушылары атынан алғыс хат
2016-жылдың 18-31 желтоқсаны аралығында қысқы мектеп аясында Кәсіби тілдерді дамыту оқу департаменті мен Қазақ тілі кафедрасының ұйымдастыруымен «Іскери қазақ тілі» атты семинар өтті. Оқытушылар бастауыш, орта және жалғастырушы болып үш топқа бөлініп оқыды. Жалғастырушы топқа қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы сабақ өткізді. Доцент Т.Қ.Зайсанбаев қазақ тіліндегі іс қағаздарының толтырылу үлгілерімен таныстырып, қазақ тілінің емле-ережелері, грамматикалық және стильдік ерекшеліктері туралы жан-жақты мағлұматтар берді. Оқытушы университет кафедраларындағы іс-қағаздарындағы кетіп жатқан кемшіліктерді нақты мысалдармен дәлелдей отырып, олардың себептерін ашып көрсетті. Сондай-ақ мұндай қателердің кетуіне себеп болатын қазақ орфографиясындағы кемшіліктерге де тоқталды.
Қазақ топтарында сабақ беретін оқытушыларды толғандыратын мәселе – қазақ тіліндегі медициналық терминдерді қалыптастыру тәсілдері де назардан тыс қалған жоқ. Доцент Т.Қ.Зайсанбаев термин жасауда тілдің ішкі мүмкіндігін барынша мол пайдалану, көнерген сөздерге үстеме мағына беру, басқа тілдерден термин қабылдау, аударма арқылы терминдерді қалыптастыру сияқты тәсілдер туралы өз ойын ортаға салды. Қазақ тілінің сөздік қорын, лексикалық байлығын көрсету мақсатында оқытушы көне түркі ескерткіштерінен, ауыз әдебиетінен мысалдар келтірді. Араб-парсы тілдерінен енген сөздердің қазақ тілінің сөздік қорын байытудағы игі ықпалдарына айрықша тоқталды.
Семинар өте қызықты, әрі жоғары деңгейде өтті. Осындай семинардың өтуіне ұйытқы болған Кәсіби тілдерді дамыту оқу департаментінің директоры, профессор З.М.Жанқалова мен Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, доцент З.А.Абдуллинаға алғыс білдіреміз.
Семинардың қазақ бөлімдерінде сабақ өткізу сапасының жақсаруына ықпалын тигізетінін айта кеткеніміз жөн. Тыңдаушылар қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі, ұлттық сөз саптау туралы толыққанды мәліметтер алды. Күнделікті тақырыптарға тыңғылықты дайындалып келіп, семинарды барынша қызықты етіп өткізген доцент Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлына алғысымыз шексіз. Болашақта да осындай қысқы мектептер өткізіліп тұрғаны дұрыс болады деп ойлаймыз.
Қазақстан тарихы және әлеуметтік гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, т.ғ.к. Төлентаева К.Ә.
Қалыпты физиология кафедрасының оқытушысы Алпысбаева К.Қ.
Алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем (ПМСП) кафедрасының ассистентері Абдраимова Г.Е., Дүйсенбай Г.Г.
ИР неврология бойынша кафедрасының ассистенті Султанова Д.Н.