ҚазҰМУ командасы хирургиялық олимпиадада I орын алды

2026 жылғы 5 наурызда Қазақстан-Ресей Медициналық Университетінде ағылшын тілінде білім алатын студенттер арасында «Advanced Surgical Skills and Clinical Decision-Making» тақырыбында жоғары оқу орындары арасындағы хирургиялық олимпиада өтті. Олимпиаданың мақсаты – болашақ дәрігерлердің практикалық хирургиялық дағдылары мен клиникалық ойлау қабілетін дамыту.

Олимпиада қорытындысы бойынша С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің Халықаралық факультетінің 5 курс студенттерінен құралған команда I орын алып, бас жүлде мен кубокты жеңіп алды.

Команда құрамында:

  • Джуванышева Калия Марсовна — команда капитаны
  • Омар Мақсат Қуанышұлы
  • Hooria Khan
  • Abdul Rashid
  • Mohammad Mikail

Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Теориялық кезеңде қатысушылар блиц-сұрақтарға жауап беріп, клиникалық жағдайлық есептерді шешті және хирургиялық құралдар мен тігіс материалдарын анықтау тапсырмаларын орындады.

Практикалық кезең OSCE форматында өтті. Студенттер десмургия бойынша тапсырмаларды орындап, «соңы-соңына» ішек анастомозымен екі қатарлы ішек тігісін салды, сондай-ақ сіңірге тігіс салу (tendon repair) техникасын көрсетті.

Бағалау барысында орындалу техникасының дәлдігі, асептика ережелерін сақтау, құралдарды дұрыс таңдау, командалық жұмыс және уақытты тиімді пайдалану ескерілді.

ҚазҰМУ командасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, барлық кезеңдерден сәтті өтіп, практикалық дағдылары мен үйлесімді командалық жұмыстың жоғары деңгейін көрсетті.

Студенттерімізді лайықты жеңісімен құттықтаймыз және кәсіби жолында жаңа жетістіктер тілейміз!