С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің CAOS командасы хирургия бойынша VIII Халықаралық олимпиадада II орын алды

2025 жылғы 10–12 желтоқсан аралығында Новосибирск мемлекеттік медицина университетінің базасында хирургия бойынша VIII Халықаралық олимпиада өткізілді.

Аталған іс-шараға Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының жетекші медициналық жоғары оқу орындарының командалары қатысты, оның ішінде Витебск мемлекеттік медицина университеті, Қарағанды медицина университеті, Әулие Лука атындағы Луганск мемлекеттік медицина университеті, И. П. Павлов атындағы Бірінші Санкт-Петербург мемлекеттік медицина университеті, Тюмень мемлекеттік медицина университеті, Ханты-Мансий мемлекеттік медицина академиясы, сондай-ақ Новосибирск мемлекеттік медицина университетінің бес командасы қатысты.
С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті атынан CAOS командасы қатысты.

Олимпиада бағдарламасы білім алушылардың хирургия саласындағы теориялық дайындығының деңгейін, практикалық дағдылары мен кәсіби құзыреттіліктерінің қалыптасуын бағалауға бағытталған 25 конкурстық тапсырманы қамтыды. Конкурстық кезеңдер абдоминалдық, торакалдық, тамырлық және пластикалық хирургия, микрохирургия, шұғыл медициналық көмек, сондай-ақ теориялық және шығармашылық конкурстарды қамтыды.

CAOS командасына басшылықты
С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жалпы хирургия және топографиялық анатомия кафедрасының қауымдастырылған профессоры Абдыкеримова Күлмира Бельгожаевна жүзеге асырды. Команда құрамына Халықаралық факультеттің білім алушылары енді:

  • Тұржан Күмісай — 6 курс студенті;
  • Джуванышева Калия — 5 курс студенті.

Іс-шараның халықаралық мәртебесі жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және болашақ медицина мамандары арасында академиялық және кәсіби байланыстарды қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Хирургия бойынша VIII Халықаралық олимпиаданың қорытындысы бойынша
С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің CAOS командасы жалпы есепте II орынға ие болды, бұл білім алушылардың жоғары деңгейде дайындалғанын және оқу-практикалық жұмыстың тиімді ұйымдастырылғанын көрсетті.