С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 5 курс студенттері «Ауруханаға дейінгі кезеңде жедел медициналық көмек көрсету» атты Республикалық студенттік олимпиадада жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді.
Аталған олимпиада 2026 жылдың 30 сәуірінде «Астана медицина университеті» КеАҚ базасында ұйымдастырылып, болашақ дәрігерлердің шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге бағытталды.
Университет намысын қорғаған студенттер:
- Джуванышева Калия Марсовна
- Юрьев Марсель Юрьевич
- Саламат Құралай Рустемқызы
Олимпиада барысында қатысушылар шынайы клиникалық жағдайларға барынша жақындатылған симуляциялық тапсырмаларды орындады. Байқау жоғары технологиялық «Аполлон» робот-симуляторы арқылы өткізілді.
Студенттер келесі бағыттар бойынша өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін жоғары деңгейде көрсетті:
- триаж жүйесін жүргізу;
- науқасты бастапқы тексеру;
- SAMPLE және ABCDE алгоритмдері бойынша бағалау;
- қан кетуді анықтау және тоқтату;
- неврологиялық статусты бағалау;
- Damage Control әдістері;
- жараны хирургиялық өңдеу;
- плевра қуысына пункция жасау;
- ACLS жүргізу;
- трахея интубациясы.
Сонымен қатар олимпиадада командалық жұмыс, көшбасшылық қабілет, пациентпен және әріптестермен тиімді коммуникация жасау дағдылары да бағаланды.
ҚазҰМУ студенттері кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін, стресстік жағдайда жылдам шешім қабылдай алу қабілетін және ұйымшыл командалық жұмысты көрсетті.
Джуванышева Калия Марсовна ұқыптылық пен жауапкершілік танытып, шұғыл медициналық көмек көрсету алгоритмдерін сенімді орындады.
Юрьев Марсель Юрьевич көшбасшылық қасиетімен, клиникалық ойлау қабілетімен және жедел шешім қабылдау дағдыларымен ерекшеленді.
Саламат Құралай Рустемқызы пациентпен және команда мүшелерімен тиімді қарым-қатынас орнатып, тәжірибелік манипуляцияларды жоғары деңгейде орындады.
Жүлделі ІІ орын — Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттерінің кәсіби даярлығының, сапалы медициналық білімінің және болашақ мамандардың үздік нәтижеге ұмтылысының айқын дәлелі.
Университет ұжымы студенттерді жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта жаңа жетістіктер мен кәсіби биіктер тілейді!



