Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және денсаулық сақтау бойынша халықаралық көктемгі мектеп

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультеті Халықаралық құқық кафедрасы мен Еуропалық құқық және әлеуметтік ғылымдар орталығының ұйымдастыруымен 2026 жылғы 14 сәуірде «Digital Technologies, AI and Healthcare» тақырыбында Халықаралық көктемгі мектеп (International Spring School) өткізілді. Аталған іс-шара қазіргі жаһандық цифрлық трансформация жағдайында халықаралық құқық, жасанды интеллект және денсаулық сақтау салаларының өзара ықпалдасуының өзекті мәселелерін кешенді талқылауға бағытталды.

Бағдарламаның салтанатты ашылу рәсімінде факультет деканы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Сайрамбаева Ж.Т. құттықтау сөз сөйлеп, цифрландыру үдерістерінің үдеуі жағдайында халықаралық құқықтың реттеушілік және үйлестірушілік рөліне ғылыми тұрғыдан жан-жақты тоқталды.

Іс-шара аясында PhD, қауымдастырылған профессор Алтаева К.Ж., PhD, REEL, LLP компаниясының бас директоры Биссалиев М.С., PhD, қауымдастырылған профессор Баймағанбетова З.М., PhD, аға оқытушы Отарбаева А.Б. және басқа да спикерлер баяндама жасап, халықаралық құқық, цифрлық технологиялар және денсаулық сақтау салаларындағы заманауи үрдістер мен құқықтық реттеу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, ұсынылған баяндамалар шеңберінде теориялық тұжырымдар тәжірибелік кейстермен ұштастырылып, пәнаралық талдау жүргізілді.

Аталған халықаралық көктемгі мектепке С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Халықаралық факультетінің Med23-088a, Med23-089a, Med23-084a және Gm22-73 топтарының 3-4 курс студенттері Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің медициналық құқық кафедрасының лекторы, докторант Бертаева Б.С. жетекшілігімен қатысты. Қатысушылар жоғары деңгейдегі академиялық белсенділік танытып, өз ғылыми баяндамаларын ұсынып, талқылауларға қатысып, өзекті мәселелер бойынша негізделген пікірлерін білдірді. Бұл олардың ғылыми-зерттеушілік құзыреттерін дамытуға, халықаралық академиялық ортаға интеграциялануына және кәсіби дағдыларын жетілдіруіне ықпал етті.

Көктемгі мектеп қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталып, студенттердің ғылыми белсенділігі мен зерттеушілік әлеуеті ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағаланды. Аталған іс-шара жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуды нығайтуға және болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуына ықпал ететін маңызды академиялық алаң ретінде өзінің өзектілігі мен практикалық маңыздылығын тағы да айқындады.